Погода в Каркаралинске: -4°C
Обратная связь Карта сайта WAP Для слабовидящих
home
Ваше мнение о качестве представленных государственных услуг? Ответить

Реализация Посланий Президента Республики Казахстан

Құрметті актив жиынына қатысушылар! Өздеріңіз жақсы білесіздер, әр мемлекеттің қалыптасқан өз дәстүрі болады. Біздің еліміз үшін ең маңыздысы, ең елеулісі – Елбасының жыл сайынғы халыққа Жолдауы. 12 қазан 2018 жыл


12 Октября 2018 11:43

            Құрметті актив жиынына қатысушылар!

Өздеріңіз жақсы білесіздер, әр мемлекеттің қалыптасқан өз дәстүрі болады. Біздің еліміз үшін ең маңыздысы, ең елеулісі – Елбасының жыл сайынғы халыққа Жолдауы.

Биылғы Жолдау – әрбір қазақстандықты қамтыған, бұрын-соңды болмаған әлеуметтік құжат деп атауға болады.

Мемлекет басшысы жолдауда атап айтқандай, «біздің мемлекеттің басты байлығы – адам және оның өмірі».

Ал адамның өмірі – абстрактілі дүниелерге емес, ең алдымен, оның табысы мен тұрмыс сапасына байланысты.

Қатардағы қарапайым қазақстандықтың ой-арманы не?

Тұрмысым жақсарып, тапқан табысым арта берсе деп ойлайды. Үйім болса, бала-шағамды асырасам, білімді, дені сау, әл-қуаты күшті болса деп армандайды.

Міне, осының барлығы Жолдауда айқын көрініс тауып отыр.

Және биылғы Жолдаудың басты ерекшелегі – барша қазақстандықтармен қатар, аудан тұрғындары – жолдаудың әр жолынан өзін көре алады, өзін таба алады.

Жолдау аудан халқы үшін қандай мүмкіндік береді? Оны біз қалай жүзеге асырамыз?

Бүгін біз осы мәселелерді бірлесе талқылау үшін жиналып отырмыз.

Ендігі біздің міндетіміз Жолдаудағы міндеттерді орындау болмақ. Ендеше осы бағыттар бойынша тоқталып кетейік.

 

                        ХАЛЫҚ ТАБЫСЫНЫҢ ӨСУІ

Келесі жылдың 1 қаңтарынан бастап ең төменгі жалақы 1,5 есе және бюджеттік мекемелерде жұмыс істейтін қызметкерлердің жалақылары орта есеппен 35 пайызға өседі. Бұл ауданымыздың барлық салаларындағы түрлі меншік нысандарындағы кәсіпорындарда жұмыс істейтін 19 мың тұрғынмен, бюджеттік салада жұмыс істейтін 3114 қызметкерді қамтитын болады. Бұған 996 млн. 442 мың теңге қаралады (республикалық бюджеттен).

Елбасының осы бастамасын ауданымыздағы әр сала бойынша ірі кәсіпорындар да, құрылымдар да қолдайды деген сенімдеміз.

 Ауданда «Бизнестің жол картасы 2020» бағдарламасы ерекше нәтижесін беріп отырғанын, тиімді екенін айтуымыз керек.

  Биылдың өзінде 2 жоба грант алып, жұмыстарын бастамақшы (1. Пейнтбол клубын ашу – ЖК «Н.Онгарбаев» - 350,0 мың теңге, 2. Тігін ательесін ашу – ЖК Ш.Рысбекова – 900 мың теңге).

  Жалпы бүгінгі күнге дейін ауданда «Бизнестің жол картасы» бағдарламасы аясында пайыздық ставканы субсидиялау бойынша 428,9 млн. теңгеге 4 жоба жүзеге асырылса, өндірістік инфрақұрылымды тарту бойынша 37,8 млн. теңгеге 1 жоба қолдау тапты. Ал несие кепілдігі бойынша 16,9 млн. теңгеге 2 жоба  қаржыландырылды. Сондай-ақ, гранттық қаржыландыру бойынша 8,5 млн. теңгеге 6 жоба қолдау тапты.

Елбасымыз бұл бағдарламаның қолданылу мерзімін 2025 жылға дейін ұзарту керектігін естіңіздер. Осы бағдарламаны жүзеге асыру үшін жыл сайын қосымша кемінде 30 миллиард теңге бөлінетін болады. Сондықтан біздің басты міндетіміз мемлекеттің бөлетін ресурстарын уақытында кәсіпкерлерімізге жеткізіп, оларға қолдау көрсету.

Мейірлан Темірханұлы, кәсіпкерлік бөлімі, кәсіпкерлер палатасы, қала, кент, ауыл әкімдері осы бағытта тиісті жұмыстарды ұйымдастырыңыздар.

Келесі мәселе — бәсекелестікті дамыту. Осы тұрғыдағы мәселенің бірі — тариф мәселесі. Президент тапсырмасы бойынша өңірде экономика саласында бәсекелестікті дамыту, тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы мен табиғи монополиялар қызметіне тариф белгілеудің ашықтығын қамтамасыз ету жұмыстарын күшейту қажет. Тұтынушылар өз қаражаттарының қайда жұмсалып жатқанын нақты білулері керек. Сондықтан осы жұмыстарды жан-жақты қарап, тиісті бөлімдерге өз ұсыныстарын беруді тапсырамын.

Елбасы бизнесті қаржы тетіктерінен басқа да шаралар арқылы қолдау көрсету жолдарын көрсетті.

Атап айтқанда шағын және орта кәсіпкерлікті заңсыз әкімшілік қысымнан салық амнистиясын жасау арқылы қорғауды тапсырды. Іс-шара 2019 жылдың 1 қаңтарынан басталады. Негізгі салықты төлеген шағын және орта бизнес субъектілерінің өсімақылары мен айыппұлдарын кешіру бизнеске үлкен қолдау, көмек болары анық. Салық амнистиясы шағын және орта бизнеске істі жаңадан бастауға және кәсіпкерлердің қаржылық жағдайын жақсартуына көмектеседі.

Мұның бәрі көлеңкелі экономиканың көлемін азайтуға бағытталады. 3 жыл ішінде экономикадағы көлеңкелі айналымды кем дегенде 40 пайызға қысқарту үшін шаралар қабылдау міндеттеледі.

Біз, осы орайда борышкерлермен салық амнистиясы туралы түсіндіру жұмыстарын жүйелі түрде жүргізуіміз керек.

Мейірлан Темірханұлына, салық басқармасына, кәсіпкерлік бөліміне осы бағытта жұмыс жасауды тапсырамын.

Елбасы экспортқа бағытталған индустрияландыру мәселесі экономикалық саясаттың негізгі элементі болуға тиістігін атап өтті.

Әрине бұл жерде біз ауданымыздағы ірі жүйе құрушы кәсіпорындар филиалдарының жұмысын айта аламыз. Облыс әкімі актив жиынында сөйлеген сөзінде атап өткендей, облыста 88 %-дан астам экспорттық өнімдер Арселлор миттал мен Қазақмыс кәсіпорындарына тиесілі.

Жолдауда мемлекет басшысы, сырттан келетін туризммен бірге ішкі туризмді дамытуға ерекше көңіл бөлу қажеттігін айтты.

Туризм саласы үшін қолайлы аймақтардың бірі болып табылатын біздің ауданда туризмді дамыту бойынша жан-жақты жұмыстар жасалуда.

Бүгінде ауданда 2,5 мыңнан астам адамды қабылдауға мүмкіндігі бар 27 демалыс орыны мен қонақ үйлер қызмет көрсетсе, оның 8-і кейінгі 5 жылда ашылған. Бұл нысандарда жалпы 200 жуық адам жұмыс жасайды. Оның 2 биылғы жылы іске қосылып отыр.

 Сондай-ақ, бүгінгі күнге нақты 4 жоба жүзеге асырылуда, келесі жылдары іске қосылады деп жоспарлануда.

Туризмді тиісті деңгейде дамыту мақсатында Қарқаралы мемлекеттік Ұлттық табиғи паркінің аумағында рекреациялық жерлерді жалға беру жұмыстары жалғастырылуда. Бұл жерлерде демалыс және туризм базаларының, кемпингтердің, тамақтану және басқа да нысандардың құрылысы жоспарланып отыр. Алдағы уақытта осы жобалардың сәтті жүзеге асуына қолдау жасап, көмек көрсетуіміз керек.

Сондай-ақ, ауданның туризм саласының қарқынды дамуы үшін инфрақұрылымды жақсартып, кіші авиацияны қолға алуымыз қажет.

Осы орайда аудандық кәсіпкерлік бөлімі тиісті мекемелермен бірлесе ауданның туризм саласын дамытуға бағытталған шараларды кешенді түрде іске асыруы тиіс. Ірі бизнес өкілдерінің осы салаға инвестиция тартуына жұмыс жасау керек.

(Облыс әкімі Ерлан Жақанұлы актив жиынында Қарқаралы ауданында туризмді дамытуға бағытталған «мастер-жоспар» жасақтау жөнінде тапсырма берген болатын. Сондықтан орынбасарым М.Садуақасовқа, кәсіпкерлік бөліміне, Ұлттық табиғи паркіне, жас туристер станциясына 1 қарашаға дейін аудандық мастер-жоспар жасауды тапсырамын).

Келесі бағыт агроөнеркәсіп кешені.

Мемлекет басшысы осы саладағы негізгі міндет – еңбек өнімділігін және қайта өңделген ауыл шаруашылығы өнімінің экспортын 2022 жылға қарай 2,5 есе көбейтуді айтқан болатын.

Еңбек өнімділігін арттыру замануи технологиясыз және техникасыз мүмкін емес.

Сондықтан біздің ірі шаруашылық құрылымдарына егін себетін кешендер алып, арам шөптерге қарсы химиялық өңдеулерді қолдану керек. Нәтижесінде алынатын өнімді 2 есеге ұлғайта аламыз.

 Ал мал шаруашылығында «Сыбаға» бағдарламасымен шет елден асыл тұқымды ірі қара алу жұмыстарын аудандағы барлық шаруашылықтар айналысу қажет.

Сонда ғана біз, еңбек өнімділігін арттырып, ет өнімдерін экспортқа шығару мүмкіндіктерін арттыра аламыз.

Біз өз кезегінде ауылшаруашылық ауданы болғаннан кейін мал шаруашылығына, оның ішінде ет өнімдерінің экспорты бойынша жұмыс жасауымыз керек. Оған біздің мүмкіндіктеріміз бар.

Елбасы, үкіметке өңдеу өнеркәсібі мен шикізаттық емес экспортты қолдау мақсатымен алдағы 3 жылда қосымша 500 миллиард теңге бөлуді тапсырды. Ал басымдығы бар жобаларға қолжетімді несие беру міндетін шешу үшін Ұлттық банкке кемінде 600 миллиард теңге көлемінде ұзақ мерзімге қаржы бөлуді айтты. Міне сондықтан кәсіпкерлік, ауылшаруашылық бөлімдері, кәсіпкерлік палатасы бірлесе отырып, осы қаражаттың біздің шаруашылықтар мен кәсіпкерлерге  жету жағына жұмыс жасау керек. Бір ғана мысал, өзінің өнімдерімен облысқа танымал болған «Балқантау» өнімдерін енді экспортқа шығаруға неге жұмыс жасамасқа. Облыстағы тиісті басқармалармен сөйлесіп, ұсыныстарыңызды беріңіздер. 

Ауыл шаруашылығына ғылыми кеңесшілерді тарту арқылы өндіріске озық технологияларды енгізу – бүгінгі күнге өзекті мәселе. Ғылымсыз – ешқандай көрсеткіштерге жетпейтінімізге көзіміз жетіп отыр. Бұл Жолдауда да айтылған.

Мысалы, аудандағы «Ынта» шаруа қожалығы, өздеріңізге белгілі, мал шаруашылығында қолдан ұрықтандыру жұмыстарын ғылыми жолға қойып, шет елдік ғалымдармен жұмыс жасап отыр.

Ал өсімдік шаруашылығында химиямен жұмыс жасап, нәтижесінде биылғы жылы әр гектардан 15 – 17 центнерден өнім алып, жоғары көрсеткішке қол жеткізді.

Мемлекет, өз кезегінде жаңа технологияларды енгізу арқылы инвестициялық субсидиялар төлеуді жүзеге асыруда. Соның арқасында шаруашылық құрылымдары биылғы жылы 305 млн. теңгеге 44 дана жаңадан әр түрлі ауыл шаруашылығы техникаларын алды. Бірақ бұл әлі де төмен көрсеткіш. Ауданда ауыл шаруашылығы тракторларының 90 % - ы ескіргенін ескерсек, машина – трактор паркін жаңалау – бүгінгі заман талабы.

Сондықтан Берік Мұқатайұлына, ауылшаруашылық бөліміне осы жұмыстарды жүйелі түрде ұйымдастыруды тапсырамын.

         Әл-ауқатымыздың екінші бір сипаты – өмір сүру деңгейінің артуы.

Білім берудің, денсаулық сақтау саласының, тұрғын үйдің сапасы мен қолжетімділігі, жайлы және қауіпсіз жағдайда өмір сүру мәселелері әрбір қазақстандық отбасына қатысты. Елбасы 5 жыл ішінде білім, ғылым, денсаулық сақтау салаларына барлық көздерден жұмсалатын қаражатты ішкі жалпы өнімнің 10 пайызына дейін жеткізу қажеттігін тапсырды.

Мектепке дейінгі білім беру.

  Жоғарыда айтып кеткендей келесі жылдан бастап бюджеттік мекеме қызметкерлерінің жалақысы орта есеппен 35 пайызға көбейетін болады. Бұл білім саласындағы қызметкерлерге де қатысты.

  Бүгінгі таңда аудан бойынша балаларды мектепке дейінгі оқытумен қамтамасыз ету 99,9 пайызды құрайды.     

          Ендігі жерде негізгі міндеттеріміздің бірі – мектепке дейінгі білім берудің сапасын жақсарту. Мемлекет басшысы бұған жайдан-жай ерекше тоқталып отырған жоқ. Білімнің негізі осы мектепке дейінгі оқудан қаланады.  Бүгінде білім министрлігінде мектепке дейінгі білім берудің әдістемесін қайта қарап, жол картасын әзірлеуде. Десе де оған қарап отырмай аудан көлемінде білікті тәрбиешілердің қатысуымен семинар ұйымдастырып, министрлікке тиісті ұсыныстарда аудан атынан неге жолдамасқа.

Бүгінде орта білім беру жүйесінде негізгі тәсілдер белгіленген, енді солардың орындалуына баса назар аудару қажет.

Биылғы оқу жылында жаңартылған білім мазмұнымен 70% -дан астам оқушы білім алуда.

 Жаңартылған білім мазмұнына көшу бағдарламасы аясында 438 мұғалім біліктілікті арттыру курстарынан өтті. Алдағы уақытта 644 мұғалім осындай курстан өту қажет.

    «Назарбаев Зияткерлік мектептері» мен Кембридж университеті сарапшылармен бірлескен біліктілікті арттыру институтының  біліктілікті арттыру курстарынан  173 пән мұғалімдері мен мектеп басшылары кәсіби  біліктілігін  көтерді. Қарағанды облысы бойынша педагогтардың біліктілігін арттыру инстутынан 61 педагог біліктілігін арттырды. Сонымен қатар үштілді оқытуға көшу аясында тілдік курстардан 2 педагог өтті.

    Заман талабына сай бірнеше жылдан соң мектептерде үш тілді бірге меңгерген мұғалімдер ғана жұмыс істейтін болады. Ұстаз бәсекеге қабілетті, әрі табысты болуы үшін еңбек нарығында сұранысқа ие болуы қажет. Ол үшін ауданымыздың әрбір мұғалімі жаңартылған білім мазмұнына көшу бағдарламасын меңгеріп, біліктіліктерін көтеріп отыруы керек. Сондықтан осы бағыттағы жұмыстарды әрі қарай жалғастыруды білім бөліміне тапсырамын.

Біз балаларға сапалы білім берумен қатар, олардың қауіпсіздігін де алдыңғы орынға қоюымыз керек. Бүгінде 11 білім беру ұйымдарында және мектеп жанындағы 2 интернатта барлығы 136 бақылау камералары орнатылған. Биылғы оқу жылында 3 нысанға қойылды.

Облыс әкімі Жолдауға байланысты өткен актив жиынында облыстағы білім ошақтарын 2019 жылдың 1 тоқсанында бейнебақылау камераларымен толықтай қамтамасыз ету туралы тапсырма берген болатын. Осы орайда Сайлау Әлиұлы, білім бөлімі осы мәселе бойынша толықтай анализ жасап, қай жерде жоқ, сұраныстарыңызды беріңіздер.

Сондай-ақ, мектептердің, бала-бақшалардың жанынан өтетін жолдардағы жол қауіпсіздігі мәселесін қарауымыз керек. Бұл бойынша аудан орталығында тиісті жұмыстар жасалды. Әлі де болса басқа елді мекендерде де осы жұмыстарды жасауға тиіспіз. Бұл жөнінде де облыс әкімі 2019 жылдың 1 қыркүйегіне дейін уақыт беріп отыр. Дегенмен біз келесі жылдың мамыр-маусым айларынан қалдырмай толық ретке келтіруіміз керек. Бұл бойынша қала, кент, ауыл әкімдері тиісті бөлімдермен бірлесе сұраныстарыңызды жасақтап, осы бастан жұмыс жоспарларыңызға енгізіңіздер.  

Жалпы мемлекет басшысы осы Жолдауында білім саласына ерекше тоқталды. Оның ішінде «Педагог мәртебесі туралы» заң қабылдануы бұл саланың біздің еліміздің болашағы үшін үлкен орны бар екенін көрсетеді.

Медицина саласы.  

Келесі жылдың 1 қаңтарынан бастап учаскелік медициналық қызметкерлердің еңбекақысы 20%-ға көтеріледі. Бұл өз кезегінде қызмет сапасының артуына, бәсекелестік ортаның қалыптасуына әсер етері анық.

Елбасының тапсырмасына орай медицина саласында цифрландыру жұмыстары жүзеге асуда. Бұл бағытта біздің ауданда да тиісті жұмыстар жасалуда. Электронды денсаулық паспорты жасалып, барлық медицина мекемелері кешенді медициналық ақпараттық жүйесі арқылы жұмыс жасап отыр. Ал мобильдік «Даму мед»  бағдарламасы бойынша көрсеткішіміз – 108,4%.

Жолдауда ауылдық жерлерде алғашқы медициналық-санитарлық көмектің қолжетімді болуын қамтамасыз етілуі қажеттігі айтылды. Сондықтан бұл жұмыстар бірінші кезекте сапалы болуы қадағалануы тиіс.

Жыл басынан  қалалық емханада  дәрігерге  қаралып  кеңесін алғандар саны – 42584 адам болса, жедел медициналық  көмек – 11003 науқасқа көрсетілген екен. Стационарға  санитарлық авиация – 43 рет шақырылған (самолет- 11 рет,вертолет – 9 рет, санитарлы авиация автокөлігі  23 рет келіп науқастарға көмек көрсеткен  болатын, оның ішінде 34 науқас облыстық ауруханаға жеткізілді).

Жалпы алғанда келген науқасқа жоғарыда айтқандай кез-келген уақытта медициналық көмек сапалы түрде кедергісіз көрсетілуі тиіс.

Аудандағы медицина саласындағы үлкен проблема – дәрігер тапшылығы. Сондықтан осы мәселені шешуді аудандық аурухана директорына тапсырамын.

Сондай-ақ, бар мүмкіндіктерімізді саралай отырып, аудандық орталық ауруханаға алғашқы медициналық-санитарлық көмектің аудандық жоспарын жасақтауымыз керек.         

 Бұқаралық спорттың қолжетімділігі.

Баршаңызға белгілі биыл аудан орталығында 320 орындық денешынықтыру-сауықтыру кешенін салуды бастадық (Бүгінгі күнге су, кәріз және электр желілері, жер қазу жұмыстары аяқталып, іргетас темір-бетон қадалардың (90 қада орнатылды) құрылысы жүргізілуде). Келесі жылдың қыркүйек айында пайдалануға беріледі.

Сондай-ақ, биыл қала басында, Егіндібұлақ ауылында, Қарағайлы кентінде балаларға арналған бірнеше спорт алаңдарын аштық. Алғаш рет Қарқаралыда, Қарағайлы кентінде ашық аспан астындағы тренажер алаңы ашылды. Алдағы уақытта да бұл жұмыстарды әрі қарай жалғастыратын боламыз.  

ӨМІР СҮРУГЕ ЖАЙЛЫ ОРТА ҚАЛЫПТАСТЫРУ.

Елбасы «7 – 20 – 25» бағдар­ла­масының орындалуына тоқталып, нақты міндеттер жүктеді. Ауданда қазіргі таңда осы «7 – 20 – 25» бағдар­ла­масы аясында «Тұрғын үй жинақ» банкімен келіссөздер жүргізіп жатырмыз (ауданда пәтер кезегінде тұр­ған 500-ден астам адам бар).

Бүгінде аудан орталығында 3 қабатты 4 тұрғын үйге қажетті инженерлік-коммуникациялық инфрақұрылым құрылысының жұмыстары жасалды.

Сондай – ақ,  келесі жылы Қарқаралы қаласы Мыңжасар Әдекенов атындағы көпсалалы ауылшаруашылық колледжінің жанынан студенттерге қолайлы жағдай жасау үшін 100 орындық жатақхана құрылысын бастамақшымыз (Қазір мұнда 243 студент білім алуда (оның сырттай бөлімінде 86 студент бар).

Жолдар бойынша

Ауданда барлығы 1118 шақырым автомобиль жолдары болса, оның 165 шақырымы  республикалық маңызға ие. Ал 311 шақырым жол – облыстық және 632,4 шақырым – аудандық маңызы бар жолдарға жатады.

Біз жыл сайын жол жөндеу жұмыстарына қомақты қаржы бөліп келеміз. Биылдың өзінде 50,8 шақырым жол (304 800 шаршы метр) орташа жөндеуден өтті.  Оған республикалық, облыстық және жергілікті бюджеттен 1327,12 млн.теңге бөлінді.  Сонымен қоса 2 көпірге қайта жабдықтау жұмыстары жасалып, 42 суағар ауыстырылды.

Жолдауда Елбасы «Нұрлы жол» бағдарламасын 2025 жылға дейін ұзарту керектігін айтты. Осы орайда аудандық жолаушылар көлігі, автомобиль жолдары бөлімі, қала, кент, ауыл әкімдері тарапынан, бөлінетін қаржының тиімді жұмсалуы, жұмыс сапасы қатаң қадағалануы керек. Сондықтан аудандық маңызы бар жолдардың техникалық мүмкіндіктерін көрсете отырып паспорттау және инвентаризациялау жұмыстарын жасауды тапсырамын.

Мейірлан Темірханұлы, бақылауда ұстаңыз.

Таза ауыз сумен қамтамасыз ету.

Аудандағы орталықтандырылған ауыз сумен қамтамасыз етілген елді мекендердегі су жүйесіне аудандық бюджет есебінен жыл сайын қаржы қарастырылып отыр (2018 жылы – 9,8 млн.теңге).

Жалпы бүгінгі күні 61 елді мекеннің 30 елді мекені су жүйесімен қамтамасыз етілмеген. Бірінші кезекте мемлекеттік бағдарламалар аясында халық саны 500-ден астам елді мекендерді су жүйесімен қамтамасыз ету қажет.

Осы орайда біз, ауданның 7 елді мекенінде су жүйесін тарту және қайта жабдықтау жүргізу үшін жобалау-сметалық құжаттарын әзірлеп жатырмыз. 2019-2020 жылдары осы жобаларды іске асыру үшін аудандық құрылыс бөліміне тиісті жұмыстарды ұйымдастыруды тапсырамын.

Өңірлерді дамыту бойынша да Елбасы бірқатар тапсырмалар берді.

Осы орайда ауыл әкімдері елді мекендердің даму мүмкіндіктерін, сондай-ақ, шағын ауылдардың, округтің болашағы туралы жан-жақты талдау жасап, 1 қарашаға дейін Жол картасын жасақтаңыздар. Осы бастан ауданымыздың әр елді мекенінің келешекте қандай бағытта дамитынын айқындап алуымыз керек. Жол картасында шағын бизнес саласы, несиелендіру жұмыстары, өнім шығару сияқты басымдықтарға ерекше назар аудара отырып, Рухани жаңғыру бағдарламасы аясындағы іс-шаралар да ескерілуі керек. Бір сөзбен айтқанда тұрғындардың әл-ауқатының өсуі, табыс пен тұрмыс сапасын арттыру осы құжатта көрініс табуы тиіс.

Сондай-ақ, елді мекеннің даму бағытында экологиялық ахуалды жақсарту, мүмкіндігі шектеулі тұлғаларға арналған «кедергісіз орта» қалыптастыруға да мән берілуі маңызды болмақ.

Осы жұмыстарды бақылауда ұстауды өзімнің орынбасарларыма жүктеймін.

          

         Мемлекет басшысы Жолдауында сыбайлас жемқорлықпен белсенді күрес жалғасатын болады деп, бұған ерекше тоқталып кетті. Елбасы өз сөзінде көрсетілетін мемлекеттік қызметтер аясында мемлекеттік қызметшілердің тұрғындармен тікелей қарым-қатынасын азайту керектігін, жер қатынастары мен құрылыс саласындағы бюрократтық рәсімдер жұртшылықты мазалайтын мәселелердің бірі болып саналатынын айтқан болатын. Сондықтан облыстағы тиісті құрылымдармен байланыса отырып, жер қоры мен жылжымайтын мүлік нысандары туралы мәліметтердің бірыңғай ақпараттық базасын жасау үшін бүгіннен бастап дайындық шараларын жасауымыз керек. Осы жұмыстарды ұйымдастыруды жер бөліміне, экономика бөліміне тапсырамын. Бақылау орынбасарым М.Садуақасовқа жүктеледі.

Мемлекет қызмет көрсету аясында ашықтықты қамтамасыз етуде мемлекеттік қызметтің автоматтандырылуы үлкен рөл атқарады. Бүгінде біздің ауданда мемлекеттік қызметтің 50% астамы электронды түрде көрсетіледі.

Елбасы, 2019 жылы көрсетілетін мемлекеттік қызметтердің 80 пайызы, ал 2020 жылы кемінде 90 пайызы электронды форматқа көшірілуге тиіс, деп атап көрсетті. Сондықтан әрбір бөлімдер, қала, кент,ауыл әкімдері осы жұмыстарды тиісінше сапалы, уақытында орындауға міндеттіміз. Аудан әкімі аппаратына 1 қарашаға дейін электронды қызмет көрсету бойынша мониторинг жасап, аудан тұрғындарымен түсіндіру жұмыстарын жүргізуді тапсырамын.

Жолдауды қорытындылай келе Елбасы әрбір қазақстандық жүргізіліп жатқан реформалардың мәнін және олардың Отанымызды өркендету жолындағы маңызын жете түсінуге тиіс деп атап көрсетті. Осы орайда біздің аудан тұрғындары да еліміздегі реформаларды табысты жүзеге асыру үшін ортақ мақсатқа жұмылатына сенімдімін.

Мемлекет басшысының «Рухани жаңғыру» бағдарламасы жаппай қолдауға ие болып, бағдарлама аясында еліміздегідей біздің ауданда көптеген шаралар жүзеге асуда. Әлі де қолға алатын тың жобаларымыз, жоспарларымыз бар. Енді осы бастаманы жаңа мазмұнмен және жаңа бағыттармен толықтыруымыз қажет.

Елбасы осы Жолдауында жастар мен отбасы институтын кешенді қолдау мемлекеттік саясаттың басымдығына айналуға тиістігін айта келе, келесі жылды Жастар жылы деп жариялауды ұсынды.

Сондықтан біз де өз кезегінде бүгіннен бастап Жастар жылында іс-шаралар ретін қандай бағытта белгілейтінімізді нақтылап алуымыз керек.

Қазақтың күре тамыры, жаны ауыл десек, Елбасының арнайы «Ауыл – Ел бесігі» жобасын іске қосу туралы ұсынысы ауылға жаңа серпін, қолдау берері анық.

Сондай-ақ Ел Президенті Бойскаут қозғалысы сияқты «Сарбаз» балалар мен жасөспірімдер бірлестігін құрып, мектептерде әскери-патриоттық тәрбиенің рөлін күшейту қажеттігін де айтты. Бұл үлкен ауқымды жұмыс. Жас ұрпаққа патриоттық тәрбие беру бағытында бабаларымыздың кең байтақ елімізді қалай қорғап қалғанын, Әлихан Бөкейханов, Әлімхан Ермеков сынды Алаш қайраткерлерінің, кейінгі Жұмабай Тәшенов секілді тұлғалардың елді, жерді сақтаудағы ерен еңбектерін жас буынның санасына сіңірсек, бұдан ұтпасақ, ұтылмайтынымыз анық.

Құрметті жиынға қатысушылар!

Міне Елбасының Жолдауында айтылған міндеттерге тоқталдық. Жауапты бөлімдерге тиісті тапсырмалар берілді.

Бұдан басқа да мекеме, кәсіпорын басшылары, әкімдер – өз салаларыңыз бойынша Жолдауда айтылған міндеттемелерді, тапсырмаларды жан-жақты қарап, орындауға жұмыс жасауларыңызды сұраймын.

         Сондай-ақ, ауданымыздың әрбір тұрғынына Президент Жолдауының мән-мағынасы мен мақсатын жеткізу керек.

Себебі бұл құжат – еліміздің таяу арадағы дамуының басты бағдарламасы.

 Ең бастысы, Елбасымыз баса айтқандай, оны жүзеге асыруда «халық пен биліктің арасында ешқандай арақашықтық болмауы тиіс».

Біз бірлесіп қана барлық мақсаттарға жете аламыз!

Назарларыңызға рақмет!

 

Қарқаралы ауданының әкімі          Қалел Мұқатайұлы Мақсұтов


Вернуться назад

Дата cоздания: 20 Марта 2014 14:31
Дата редактирования: 11 Октября 2018 09:29

Лента новостей

© 2013 ГУ «Аппарат акима Каркаралинского района»
Разработка и поддержка сайта: Интернет компания «Creatida»