Погода в Каркаралинске: -4°C
Обратная связь Карта сайта WAP Для слабовидящих
home
Ваше мнение о качестве представленных государственных услуг? Ответить
ГлавнаяРеализация Посланий Президента Республики Казахстан

Реализация Посланий Президента Республики Казахстан

Елбасының Жолдауы - халқымыздың қолдауы

Биылғы жыл біздің еліміз үшін табысты да берекелі жыл болды. Егемен ел тарихында ерекше есте қалатын оқиғалармен айшықталды. Елордамыз Астанада әлемдік және дәстүрлі дін басшыларының төртінші съезін өткіздік. Қазақстан Біріккен Ұлттар Ұйымының Адам құқықтары кеңесіне мүше болып сайланды. Ару қала Астананың 15 жылдығын атап өттік. Сонымен қатар халықаралық ЕКСПО-2017 көрмесін Астанада өткізу туралы тарихи шешім қабылданды.
Әрине, осының әрқайсысы – егемен еліміздің тек бір жылдың ішінде алған асулары мен биік белестері! Қазақстанның әлемдік аренадағы ғаламат беделінің көрінісі. Елбасымыздың дүние жүзі мойындаған дана саясатының жемісі деп білеміз.
Жалпы, тәуелсіздік алғаннан бері қол жеткізген барлық табыстардың асыл қазығы да, алтын арқауы да – Елтұтқамыз Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаев екені сөзсіз. 
Тәуелсіздік жылдары біз елдің шаңырағын шайқалтпай, іргесін бекітіп, шекарасын шегендедік.Қаймағы бұзылмаған берекелі бірлік орнатылды. Ұлтаралық татулық пен діни келісімге негізделген бірегей қоғам қалыптасты. Ұлт пен ұлыс өкілдерінің құтты шаңырағы - Қазақстан халқы Ассамблеясы құрылды. Адамзатты жаппай қырып-жоятын жойқын қарудан біржолата бас тартқан еліміз бейбітшілік белдеуіне айналды. Әлемнің алпауыт мемлекеттерімен терезесі тең қарым-қатынас орнатылды.
Міне, осының бәрі, ең алдымен, заманымыздың заңғар тұлғасы Ұлт көшбасшысы Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың ерен еңбегінің арқасы!
Сондықтан да халқымыз елі сүйген, елін сүйген перзентін Елбасы деп ардақтап отыр. Биыл алғаш рет аталып өткен Тұңғыш Президент күні де - осындай шынайы ықыластың, зор сүйіспеншіліктің көрінісі. 
Ал, осыдан санаулы күн бұрын біз тағы бір тағдырлы оқиғаның куәсі болдық. Мемлекет басшысы тәуелсіздік күні қарсаңында Қазақстан халқына арнаған жыл сайынғы дәстүрлі Жолдауын жария етті. Әлбетте, барша қазақстандықтар Елбасының әрбір Жолдауын асыға күтетіні белгілі.
Өйткені, саяси салмағы зор құжаттарда мемлекет дамуы, оның стратегиялық мақсат-міндеттері жан-жақты қамтылады.
Дегенмен биылғы Жолдаудың жөні бөлек, маңызы ерекше болды. Себебі, Елбасымыз Қазақстанның 2050 жылға дейінгі даму стратегиясын жариялады.
Өздеріңізге белгілі, осыдан 15 жыл бұрын Мемлекет басшысының тікелей бастамасымен Қазақстан дамуының 2030 жылға дейінгі бағдарламасын қабылдаған едік. Алдымызға әлемнің бәсекеге қабілетті 50 елінің қатарына кіру міндетін қойдық. Ал, бүгін осы межелі міндеттерді мерзімінен бұрын орындап, мақсатымызға жеттік деп толық сеніммен айта аламыз. Себебі, Стратегия-2030 қабылданған жылдар ішінде мемлекетіміз әлемдегі ең серпінді дамушы елдер бестігіне енді. Қазақстан Дүниежүзілік экономикалық форумның рейтингісі бойынша 51-ші орынды иеленді.
Дегенмен ХХІ ғасыр ауқымды міндеттер қойып отыр. Дүние шапшаң өзгеріс үстінде. Алдымызда жаһандық жаңа сын-қатерлер тұр. Осыған орай Елбасымыз ұлттың 2050 жылға дейінгі саяси бағытының жаңа жобасын ұсынды. Бұл шын мәнісінде – ұлы мұратқа бастайтын ұзақ мерзімді стратегия.
Бүгінде жаһандық өзгерістер кезеңіне аяқ басып отырған адамзаттың алдында өмірге келіп отырған Елбасының биылғы Жолдауының маңыздылығы сол – 2050 жылға қарай мықты мемлекеттің, дамыған экономиканың және жалпыға ортақ еңбектің негізінде берекелі қоғам құрудың жолы сараланды. Мемлекет басшысы, мықты мемлекет – экономикалық жедел өсу жағдайын қамтамасыз ету үшін аса маңызды екендігін, сондай-ақ, мықты мемлекет – күнкөріс саясатымен емес, жоспарлау саясатымен, ұзақ мерзімді дамумен және экономикалық өсумен  айналысатындығын тілге тиек етті. Сонымен қатар, Жолдауда кәсіпкерлікті жан-жақты қолдау, әлеуметтік саладағы жаңа үлгі, білім, денсаулық салаларында заманауи және тиімді жүйе құру сияқты басымдықтар айтылды.
Мемлекет басшысы дамудың жаңа кезеңінде елді дағдарыстан кейінгі ахуалға дайындау, экономиканың тұрақты дамуына қол жеткізу, ұлтаралық келісім мен ұлттық қауіпсіздікті қамтамасыз ету мақсатында қашанда нақтылы міндеттер қойып келе жатқанын білесіздер. Бұл жолғы Жолдаудан да осыны көріп отырмыз. Сонымен бірге оның бұрынғылардан елеулі өзгешеліктері мен артықшылықтары да аз емес. Осы орайда біз Жолдауда айтылған тұжырымдар мен алға қойған мақсаттарды өзінің кезеңінде орындап шығатынымызға сенеміз. Бұған Жолдауда айтылған міндеттерді жүзеге асырудың нақтылы жолдары негіз бола алады. 
Енді біздің алдымызда жаңа міндет тұр, біз мемлекетіміздің ұзақ мерзімді кезеңге бағдарланған одан әрі даму векторын күшейтуге тиіспіз, деген Елбасы, осы Жолдауында ХХІ ғасырдың он жаһандық сын-қатеріне тоқталды. Әлемдік деңгейдегі бұл проблемаларға жұрттың бәрінен бұрын назар аударып отырған Ел Президенті, еліміз үшін он негізгі сын-қатерді бөліп көрсетті. Еліміз өз дамуымызда жаңа табыстарға қол жеткізуі үшін олардың әрқайсысын міндетті түрде ескеруге тиіс. 
Сондай-ақ, бұл Жолдау 2030 Стратегиясын дамыта отырып, 2050 жылға қарай Қазақстанды әлемдегі ең дамыған 30 мемлекеттің санатына енгізу мақсатында жаңа бағыттағы 7 негізгі принциптерді қарастырады. Осы негізгі принциптерге қысқаша тоқталып кетейін.
Бірінші принцип – Жаңа бағыттың экономикалық саясаты – пайда алу, инвестициялар мен бәсекеге қабілеттіліктен қайтарым алу принципіне негізделген түгел қамтитын экономикалық прагматизм.
Өздеріңізге мәлім, біздің аудан 9 айдың қорытындысы бойынша әлеуметтік-экономикалық даму бағдарламасының көрсеткіштерімен облыста бірінші орынға шықты. Өнеркәсіп, ауылшаруашылық салаларында жақсы көрсеткіштерге жеттік. 10 айдағы көрсеткіштеріміз де жаман емес. 
Аудан бойынша 2012 жылдың 10 айында негізгі капиталға салынған инвестиция көлемі 3,8 млрд. теңгені құрап, 2011 жылдың 10 айымен салыстырғанда 138,9 %-ға жетті. Барлық салынған инвестиция көлемінің 2198,4 млн.теңгесі кәсіпорындардың қаржысы, 536,3 млн.теңгесі барлық деңгейдегі бюджеттің инвестициялары және 1163,2 млн. теңгесі шетел қаражатынан салынған инвестиция.
(Өнеркәсіп өнімінің көлемі 4,2 млрд.теңгені құрап, 10 айдың қорытындысы бойынша өнеркәсіп өнімінің нақты көлемінің индексі 217,3 % болды. Өнеркәсіп өнімінің негізгі бөлігі – 62 пайызын Арселор Миттал Теміртау  кәсіпорнына қарасты «Өркен-Кентөбе» өкілдігінің өнімі алып отыр. 
Ауданда индустрияландыру картасы бойынша да нақты жұмыстар іске асырылуда. Бүгінгі таңда Үдемелі индустриялық-инновациялық даму мемлекеттік бағдарламасы бойынша республикалық индустрияландыру картасына енгізілген «Көктасжал» мыс кен орнында «Көктасжал» тау-кен кешенін салу және пайдалану» жобасын жүзеге асыру жұмыстары жалғастырылуда. Жоба іске асырылған уақыттан бастап 4,1 млрд. теңге инвестиция салынса, оның 1,3 млрд. теңгесі биылғы жылы игерілді.
Сонымен қатар біздің ауданның ауыл шаруашылық саласынан облыстық индустриалдандыру картасына 2 жоба енгізіліп отыр. Біріншісі, «500 бас асыл тұқымды ірі қара малға арналған репродуктор шаруашылығын салу» жобасы. Жобаны іске асырушы «Ынта» шаруа қожалығы. Жоба құны 458,1 млн.теңге. Екіншісі, «400 бас ірі қара мал және 1000 бас қой бордақылау алаңын ашу». Жобаны іске асырушы Қырғыз селолық округіне қарасты "Берік" шаруа қожалығы. Жоба құны 185,0 млн.теңге.
Бұл жобалардың толық қанды жұмыс істеп, іске қосылуы бірінші кезекте аудандағы әлеуметтік жағдайға, жұмыссыздық мәселесін біршама шешуге ықпалын тигізері сөзсіз. Сондықтан, аудан әкімінің орынбасарларына, қала, кент, селолық округ әкімдеріне, аудандық кәсіпкерлік бөліміне келесі жылдың индустрияландыру картасына енгізу үшін жаңа жобалар іздестіру, ауданға инвестиция тарту бағытында кешенді шаралар ұйымдастыруды тапсырамын. 
Жолдауда көтерілген тағы бір аса маңызды мәселелер бюджет және салық саясаты. 
Елбасы Жолдауда, бірде-бір бюджеттік теңге ысырап болмау керектігін, бюджеттік шығындар мақсатты жұмсалу тиістілігін айтты.
Өздеріңіз білесіздер, таяуда ғана аудандық мәслихатта 2013 жылдың бюджетін бекіттік. Аудан бюджетіне қомақты қаржылар қарастырылып отыр. Сондықтан әрбір жауапты администраторға бюджет қаржысының тиімді, мақсатты жұмсалуын, уақытылы игерілуін қадағалауды тапсырамын. 
Мемлекет басшысы, салық саясаты бойынша, өндіріс және жаңа технологиялар саласындағы салық салу объектілері үшін қолайлы салық режімін енгізу қажеттігін, салық есептілігін жеңілдетіп әрі мейлінше азайту қажеттігін айтты.
Сондықтан ауданда да өз мүмкіндіктеріміздің шегінде осы айтылғандарды басшылыққа алып жұмыс жасауымыз керек. Президент айтқандай, алдағы уақытта салық төлеушілермен салық қызметі арасында диалог азаюы керек. Алдағы бес жылда бәріміз онлайн-электрондық есептілік режіміне көшетін болсақ, салық төлеушілердің бәрін бүгіннен бастап үйретуге тиіспіз. Сондай-ақ, қала, кент, селолық округ әкімдеріне: кәсіпкерлік, шағын және орта бизнес бойынша «бизнестің ашықтығы» жөнінде түсіндіру жұмыстарын жүргізуді тапсырамын.
Мемлекет басшысы, сонымен бірге ауыл шаруашылығы өніміне деген жаһандық сұраныстың артып келе жатқанын айта отырып, әлемдік азық-түлік нарығының көшбасшысы болу және ауыл шаруашылығы өндірісін арттыру үшін, егістік алаңын ұлғайту, жаңа технологиялар енгізу, әлемдік деңгейдегі мал шаруашылығы жемшөп базасын құру, бір сөзбен айтқанда агроөнеркәсіптік кешеннің алдына – экологиялық таза өндіріс саласын енгізу міндетін қойды. Осы орайда ауылшаруашылықты аудан ретінде біз де барлық мүмкіндіктерімізді пайдалана отырып, Жолдаудан туындайтын міндеттерді бүгінен бастап қолға алуымыз керек. Биылғы жылы аудан бойынша 45,0 мың га. жерге егін себілді (оның ішінде 41,3 мың га бидай, 3,7 мың га арпа және 15 гектарға картоп отырғызылды). 43 шаруа қожалығы 1000 гектарға, 10 шаруашылық құрылымдары 1000 - 10000 гектарға, 1 шаруа қожалығы – 10000 га.  егін салды. Алайда бұрынғы үш ауданның жерін алып жатқан біздің аудан үшін бұл аз. Бүгінде аудан бойынша егістікке жарамды алқаптың жалпы көлемі 160 мың 194 гектарды құрайды. Міне көріп отырсыздар, егістік көлемін көбейтуге мүмкіндіктеріміз жеткілікті. Сондықтан да, біз келесі жылы аудандағы егін алқабын ұлғайтуға жұмыс жасауымыз керек. Сонымен қатар, сапалы қысқы мал азығын жеткілікті түрде дайындау үшін, көпжылдық шөп егу жұмыстарының аясын кеңейтуіміз қажет. Бұл жөнінде тиісті жұмыстарды ұйымдастыруды аудан әкімінің орынбасары Берік Тоқмурзинге, селолық округ әкімдеріне тапсырамын. Ал жалпы аудандағы шабындық жер көлемі бүгінде 61 мың гектардан асады. Бүгінде ауданымызда мал басы бойынша өсім бар екені белгілі. Мыңдаған бас мал ауылдың маңайынан шықпай, осы шамалы шабындық жердің шөбін шөп науқаны басталғанша жеп бітіреді. Сондықтан бұрынғыдай малды алыс жайлауларға апаруды қолға алуымыз қажет. Сондай-ақ, мал басын көбейтудегі, мал басын асылдандыру бағытындағы жұмыстарды да одан әрі жалғастыра беруге тиіспіз. Құс, қоян өсіру бағытындағы жұмыстарды жандандыруымыз керек. Сонымен бірге алынған өнімдерді дайындайтын шағын цехтар ашуды да ойластырумыз қажет.
Еліміздің су ресурстарына қатысты жаңа саясат тұжырымдау қажеттілігіне тоқталған Елбасы, елеулі қоры бар жерасты суларын өндіру мен үнемді пайдаланудың ең озат технологияларын енгізу,  ең асыл табиғи байлығымыз – суды ысырап етуді тоқтату қажеттілігін айтты. 
Ауыз су мәселесі бойынша ауданда бірқатар жұмыстар жасалып жатқаны белгілі. Ауданда 500 бен 1000 адамнан асатын тұрғыны бар елді мекендерге 163 шақырымды құрайтын орталықтандырылған су жүйелері орнатылып, ауыз сумен қамтылып отыр. Биыл Абыз, Көктас және Жарлы ауылдарында су жүйесінің құрылыс жұмыстарын жалғастыруға барлығы 190,4 млн.теңге бөлініп, жұмыстары кесте бойынша жүргізілді. Келесі жылы іске қосылады. Жыл сайын елді мекендердің су жүйелерінің қалыпты жұмыс істеуіне және тиісті жөндеу жұмыстарын жүргізуге қомақты қаржы қарастырылып келеді. Биыл өткен жылмен салыстырғанда 2,2 есе артық қаражат жұмсалды. Ал келесі жылы «Жұмыспен қамту-2020» мемлекеттік бағдарламасы бойынша елді мекендердің ауыз суына қаржы қарастырылып отыр. Жолдауда аталып кеткендей бюджеттен қыруар қаржы бөлініп істелетін ауыз су жүйесіне әрбір тұрғын өз мүлкіндей қарап, ауыз судың ысырап болмауына ат салысу керек. Оны біз халыққа түсіндіріп, жеткізуге тиіспіз. Бұны мен, қала, кент, селолық округ әкімдеріне тапсырамын. Сонымен қатар, малшылар қолданған бұрынғы скважиналарды іске қосуымыз керек. Бүгінде бұл жұмыстар Бақты, Қоянды селолық округтерінде қолға алынып жатыр. Сондықтан осы жұмыстарды ұйымдастыруды барлық селолық округ әкімдеріне жүктеймін. Ауылшаруашылық бөлімі қадағалаңыздар.
Екінші принцип – кәсіпкерлікті – ұлттық экономиканың жетекші күшін жан-жақты қолдау .
Отандық кәсіпкерлік жаңа экономикалық бағыттың қозғаушы күші болып табылады деген ұстанымды айта отырып, біз бүгінде бұл саладағы біршама жетістіктеріміздің нәтижесін көрудеміз.
Шағын және орта бизнестің экономикадағы үлесі 2030 жылға қарай, ең аз дегенде, екі есе өсуге тиіс деген, мемлекет басшысы, кәсіпкерлік бастаманы ынталандырудың маңызы үлкендігін, кәсіпкерлікті қолдау керектігін, жергілікті бизнес-бастамаларды көтермелеу қажеттігін айтып өтті. 
Жалпы біздің ауданда шағын және орта бизнес саласы бойынша барлық негізгі көрсеткіштер бойынша оң динамика бар екенін айтуымыз керек. Бүгінде ауданда шағын бизнес субъектілерінің саны 1410 жетіп отыр. Биылғы жылы барлығы 64 жаңа кәсіпкерлік субъектісі тіркелді, онда 89 жаңа жұмыс орындары ашылды. Ағымдағы жылда аудан кәсіпкерлерін несиелендіру мақсатында «Ауыл шаруашылығын қаржылай қолдау қоры», Шағын кәсіпкерлікті қолдау және дамыту корпоративті қоры және «Қарқаралы» несиелік серіктестігі арқылы барлығы 509,5 млн.теңге несие берілді. Дегенмен, бізде жаңа жобалар, тың бастамалар әлі де болса қолға алынбай жатыр. Біздің жергілікті кәсіпкерлеріміздің көпшілігі алып-сатумен ғана айналысуда. Сондықтан, аудандық кәсіпкерлік бөлімі кәсіпкерлермен, жергілікті әкімдермен бірлесе жаңа жобалармен жұмыс жасаулары керек.  Сондай-ақ аудандық кәсіпкерлік бөліміне, жаңа жобалар туралы ақпараттармен үнемі хабардар етіп отыруды тапсырамын. 
3 принцип – Әлеуметтік саясаттың жаңа принциптері – әлеуметтік кепілдіктер және жеке жауапкершілік.
Біздің басты мақсатымыз – әлеуметтік қауіпсіздік және азаматтарымыздың бақуаттығы. Бұл – қоғамдағы тұрақтылықтың ең жақсы кепілі.
Бүгінде экономика мен бюджеттің өсіміне тікелей тәуелді болатын ең төменгі әлеуметтік стандарттар мен кепілдіктер туралы заң актісі дайындалуда. Осы стандарттарды сақтау бүкіл әлеуметтік саланы бюджеттік қаржыландыру көлемін айқындайтын болады. Бұл бюджеттік процестердің ашықтығын арттырады және бөлінетін қаражаттың атаулылығын күшейтеді. 
Осы орайда бізде барлық мүмкіндіктерді қарастыратын боламыз. Бірінші кезекте қоғамның әлеуметтік жағдайы төмен топтар зейнеткерлер, мүгедектер, еңбекке жарамсыздар, науқас балалар, мүмкіндігі шектеулі адамдар назарда болады. Бүгінде біздің аудан бойынша кедейшілік деңгейі 5,2 % болып, аз қамтылған азаматтар саны 599 адамды құрап отыр. Жыл басынан бері аудандық жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар бөлімінде ресми тіркелген жұмыссыздардың саны 895 адам.  Олардың 783-і әртүрлі жұмыстармен қамтылды. «Жұмыспен қамту 2020» бағдарламасы аясында бүгінгі күнге аз қамтылған отбасыларынан, жұмссыздар есебінен екі жылдың ішінде І бағыт бойынша – 50 адам жұмысқа орналастырылды. ІІ бағыт бойынша – 72 адам несие алды, 134 адам кәсіптік негіздері курстарын оқыды.  ІІІ бағыт бойынша – 29 адам жұмысқа орналастырылды. ІҮ бағыт бойынша – 28 адам уақытша  жұмыстармен қамтылды.
Жолдауда айтылған мемлекеттік жәрдемақыны тек шынымен нақты жұмыс істей алмайтындар ғана алуы тиіс деген сөзді, біздің осыған жауапты бөлімдер басшылыққа алулары керек. Сондай-ақ, жұмысқа мүгедектерді алып, оларға жағдай жасайтын меншік түріне қарамастан жұмыс берушілерді көтермелеуге тиіспіз. Аудандық жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар бөліміне бұл мәселелерді бақылауда ұстап, тиісті шаралар қарастырып отыруды тапсырамын.        Сонымен қатар жастарды жұмысқа орналастыру мәселесін күн тіртібінен түсірмеуге тиіспіз. Бұған зейнет жасындағы қызмет жасап отырғандар аға-апаларымыз да түсіністікпен қараулары керек деп ойлаймыз.
Жолдауда ана мен баланы қорғау туралы кеңінен айтылды. Оның ішінде жетім балалар жайында айтылғандар кімді болсын ойландыруы тиіс. Осы орайда біз қорғаншылық, қамқоршылық кеңесінің есебінде тұрған жастайынан ата-ана мейірімінен айрылған жетім балаларымызды, мүгедек балаларды әркез естен шығармай, бірінші кезекте осы балаларға көңіл бөлуіміз керек. 
Жолдауда Ел Президенті өтіп бара жатқан жылда біз моноқалаларды дамыту бағдарламасын жүзеге асыруды бастадық, деді. Осы орайда Қарқаралы қаласының да облыс бойынша моноқалалар қатарына кіріп отырғаны көптеген шешімін күтіп тұрған мәселелердің шешілуіне оң ықпалын тигізеді деген ойдамыз.
Биылғы жылы да Елбасы Жолдауында Ұлт денсаулығына тоқталып кетті. Ұлтымыздың денсаулығы біздің табысты болашағымыздың негізі деген Президент, еліміздің барлық аумағында медициналық қызметтер сапасының бірыңғай стандарттарын енгізуге, сондай-ақ медицина мекемелерінің материалдық-техникалық жабдықталуын бірыңғайландыруға тиіспіз деді. 
Елбасының алдыңғы Жолдауларынан туындаған, медицина саласындағы басым бағыттар: ана өліміне жол бермеу, нәресте өлімін азайту, сондай-ақ туберкулез ауруының алдын алу, емдеу мәселелері бойынша ауданда кешенді жұмыстар жасалуда. «Саламатты Қазақстан» бағдарламасына сәйкес  мамыр айында  шалғай жатқан  ауылдарға Қарағанды  қаласының  жылжымалы дәрігерлік комплексі көмек көрсетті. Аудан бойынша 2 жерде телемедицина кабинеті ұйымдастырылып отыр. Қарқаралы қаласында 2010 жылдан бастап мамография кабинеті жұмыс жасайды. Арнайы квота бойынша Республикалық клиникаларға, облыстық, аудандық стационарларға, санаторияларға жатқызылатын науқастарды портал арқылы тіркеп, жатқызу ұйымдастырылды. Келешекте осы бағыттағы жұмыстарды жетілдіре отырып, ауданның медицина саласында Жолдауда айтылғандай халыққа медициналық қызмет көрсету сапасын арттыру, алдын-алу және емдеу саласына жаңа технологияларды енгізу, медицина ұйымдарының материалдық-техникалық базасын ары қарай жақсартуға жұмыстар жасалуы тиіс.
Жолдауда сондай-ақ, саламатты өмір салтын насихаттау туралы айтылды. Алдағы уақытта да денешынықтыру мен спорт мемлекеттің айрықша назарында болады. 
Биылғы жылы аудан мектептеріне жергілікті бюджеттен спорт бұйымдарына 7,2 млн.теңге қаралды. Кейінгі жылдары қала басында, Егіндібұлақ, Қарағайлы елді мекендерінде балаларға арналған спорт алаңдары ашылды. Дегенмен, бұл әлі де болса, аздық етеді. Сондықтан үлкен елді мекендерде балаларға арналған спорт алаңдарын, спорт залдарын көптеп ашуымыз керек. Тоқтар ауылы сияқты спонсорлық көмек арқылы балаларға арналған спорт залын ашуға жеке кәсіпкерлерді, шаруа қожалықтарының басшыларын тарту қажет. Мен бұл жұмыстарды ұйымдастыруды кент, селолық округ әкімдеріне тапсырамын.
4 принцип – Білім және кәсіби машық – заманауи білім беру жүйесінің, кадр даярлау мен қайта даярлаудың негізгі бағдары.
Бәсекеге қабілетті дамыған мемлекет болу үшін біз сауаттылығы жоғары елге айналуымыз керек және біздің азаматтарымыз ең озық жабдықтармен және ең заманауи өндірістерде жұмыс жасау машығын меңгеруге дайын болуға тиіс деген, мемлекет басшысының сөзі кез-келген ел азаматын ойландыру керек. 
Осы орайда қала басындағы кәсіптік лицейдің, ауылшаруалық колледжінің мүмкіндіктерін кеңейте түсіп, осы оқу орындарының сапалы, жаңа заманға лайық білім берулерін үлкен мәселе ретінде қарауымыз керек.
Жолдауда айтылған балаларды мектепке дейінгі білім беру және тәрбиемен 100% қамтуға қол жеткізу міндеті біздің ауданда шешімін тауып отырғанын айтуымыз керек. Бүгінде ауданда мектеп жасына дейінгі балалардың 100 пайызы мектепке дейінгі мекемелерге тартылған (3844 бала). Оқушыларға сапалы білім берудегі жетістіктеріміз де айтарлықтай. Сонымен бірге, мектептерге заманауи озық технологияларды енгізу, жаңа оқу кабинеттерімен, жаңа буын компьютерлермен жабдықтау жұмыстарын кешенді түрде жалғастыра беруіміз қажет. Ал кең жолақты интернет желісіне қосылатын мектептердің санын көбейту үшін, аудандық телекоммуникация мекемесінен облыспен бірлесе жұмыс жасауларын сұраймыз. Бұл мәселелерді күнделікті бақылауда ұстап, қадағалап отыруды аудан әкімінің орынбасары Сайлау Әлиұлына тапсырамын.
Елбасы Жолдауында жастарға ерекше тоқталды. Мемлекет басшысы жастардың оқуы мен өсіп-өнулері үшін барлық жағдайды жасауда. Әлемдік деңгейдегі университет, зияткерлік мектептер ашылды, «Болашақ» бағдарламасы құрылды. Қазір мемлекеттік жастар саясатының жаңа тұжырымдамасы әзірленуде. Жастарды қолдауда, қаржылай көмек көрсетуде көптеген шаралар қолға алынуда. Сондай нақты көмектердің бірі – ауылдық жерлердегі жас кәсіпкерлерге бағытталған мемлекеттік жастар саясатын жүзеге асыру мақсатындағы «ауылдық жерлерде кәсіпкерлікпен айналысатын ауыл жастарының ісін дамыту мен қолдауға арналған облыс әкімінің грантын» биылғы жылы ауданымыздың екі жас азаматы иеленді. Оны Тәуелсіздік күні мерекесі күніне арналған жиын үстінде табыс еттік. Алдағы уақытта да осындай шаралардан біздің ауданның жастары шет қалмауын қадағалауымыз керек. Жастарға жан-жақты көмек көрсетуді, қолдауды күн тәртібінен түсірмеуге тиіспіз. Жастарды түрлі шараларға, қоғамдық жұмыстарға тартудың аясын кеңейтуіміз қажет. Бұл жұмыстарды ұйымдастырып, үнемі бақылауда ұстауды аудандық ішкі саясат бөліміне тапсырамын.
5 принцип – Мемлекеттілікті одан әрі нығайту және қазақстандық демократияны дамыту. 
Мемлекеттік басқарудың жаңа түрін қалыптастыру мақсатында жергілікті басқаруды дамыту тұжырымдамасы бекітілді. Бұл өз кезегінде ауылдық, селолық деңгейде басқару сапасын арттыруға мүмкіндік жасайды және азаматтардың жергілікті маңызы бар мәселелерге қатысуын кеңейтеді. Селолық әкімдіктерге қосымша өкілеттіктер беріледі. Әкімдердің ауылдағы жағдайға ықпалы күшейеді. Келесі жылдан бастап, ауыл әкімдері сайланбалы түрде қызметке қабылданатын болады. 
Сондай-ақ Жолдауда айтылғандай, Қылмыстық және Қылмыстық-іс жүргізу заңнамалары реформаланады. Бұл өзекті заң актілерінің қабылдануы – қылмыстық сот ісін жүргізумен және қылмысқа қарсы мемлекеттің күрес саясатын тұжырымдық тұрғыдан жаңғыртумен, азаматтардың құқықтарын қазіргі сын-қатерлерге өз дәрежесінде әрекет жасайтындай деңгейге көтеретіндігімен түсіндіріледі.
Мемлекет тәртіпсіздікке мүлдем төзбеушілік принципін ұстануға тиіс дейді, Елбасы. Дамыған қоғам барлық жерде тәртіп пен реттілік орнатудан, жайлы подъезден, жинақы ауладан, таза көшеден және жарқын жүзді адамдардан басталады. Жасыратыны жоқ бұл бізде жетіспей жатады. Міне сондықтан, Елбасы бұны бекерден-бекер айтып отырған жоқ. Біз ең ұсақ құқық бұзушылықпен, бұзақылықпен, мәдениетсіздікпен бүкіл ел болып күресуіміз керек. Тәртіпсіздік пен бетімен кетушілік одан да елеулі қылмыстарға жол ашатыны белгілі. Сондықтан осындай тәртіпсіздіктің алдын алуды, онымен күресуді өзімізден бастай отырып, халыққа жеткізуіміз керек. Осы жерде аудандық ішкі істер бөлімі де заң аясында жұмыс жасаулары тиіс. Келер жылдан бастап халық жасақшыларының жұмысын жолға қоюымыз қажет.
6 принцип – Дәйекті және болжамды сыртқы саясат – ұлттық мүдделерді ілгерілету мен аймақтық және жаһандық қауіпсіздікті нығайту. 
Сыртқы саясат бойынша тәуелсіздік жылдарында түзілген болжамдар мен міндеттер бүгінде толығымен дәлелденді, атқарылды. Көршілес елдермен, сондай-ақ АҚШ-пен, Еуроодақпен, Азия елдерімен серіктестікті дамыту туралы өзара тиімді достастық қатынас бар, бүгінде Қазақстан аумақтық тұтастық пен тиіспеушілік кепілдігіне ие болды. Шекаралардың бұзыл¬мауы жөнінде іргелес мемлекеттермен ресми келісім-шартқа қол жетті, беделді халықаралық ұйымдар мен бизнес ал¬пауыт¬тары елімізбен санасып отыр. Елбасы айтқандай, біздің бұл басымдықтарымыз өзгермейді.
7 принцип – Жаңа қазақстандық патриотизм – біздің көпұлтты және көпконфессиялы қоғамымыз табысының негізі.
Жолдауда қазақстандық патриотизмнің басты мақсаты қоғамдық келісімді сақтау және нығайту, бұл – біздің мемлекет ретінде, қоғам ретінде, ұлт ретінде өмір сүруіміздің айнымас шарты болуы керектігі айтылды.
Сондықтан қазақстандық патриотизмді өз бойымызда  және балаларымыздың бойында тәрбиелеуіміз қажет. Бұл ең алдымен елге және оның игіліктеріне деген мақтаныш сезімін ұялатады.
2050 жылға қарай Қазақстанның кез келген азаматы ертеңгі күнге, болашаққа өте сенімді болатындай саяси жүйе құруымыз керек.
Жолдауда сонымен бірге тіл, оның ішінде мемлекеттік тіл мәселесі кеңінен айтылды. Елімізде алдағы уақытта да мемлекеттік тілді дамыту жөніндегі кешенді шараларды жүзеге асыру жалғаса беретін болады. 
Елбасы тоқталып кеткен тағы бір мәселе – дін. Бүгінде елімізде дәстүрлі емес діни және жалған діни ағымдар мәселесі өткір тұрғаны жасырын емес. Ел Президенті атқандай, дін таңдауға өте үлкен жауапкершілікпен қарау керек, өйткені, адамның өмірлік салты, тұрмысы, көп жағдайда бүкіл өмірі соған байланысты. Елбасы Діни экстремизммен және терроризммен күрес жөніндегі мемлекеттік бағдарлама дайындауды тапсыра отырып, экстремизммен күрес әйтеуір жазықтыны іздеп табуға айналып кетпеуін және дінмен күреске жалғасып кетпеуін ескертті.
Біз жастарымыздың әлемдегі ең ізгі дін – ислам дінін қадірлей отырып, ата дәстүрін ардақтағанын қалаймыз. Дін – ешқашанда біздің ұлттық мүддемізге, салт-дәстүрімізге қайшы келмеуі керек. Сондықтан бұған ақсақалдарымыз бен ардагерлер ұйымдары, оқу орындары, басқа да құзіретті органдар жастар арасындағы діни қарым - қатынастардың дұрыс қалыптасуына ықпал жасаулары керек. 
Міне, қысқа қайырғанда Жолдауда айтылғандардың барысы осы. Өздеріңіз де баспасөз құралдары арқылы оқып, таныстыңыздар. Жолдауда маңызды-маңызды тұжырымдар, кесек тапсырмалар мен міндеттер айтылды, қойылды. Сондықтан, біз Елбасы Жолдауынан туындайтын міндеттерді орындауда бұрынғыдан да қарқынды жұмыс жасауға тиіспіз.        
Мемлекет басшысы өз Жолдауында «ХХІ ғасыр –  Қазақстанның алтын ғасыры, бейбітшіліктің, тұрақтылық пен гүлденудің кезеңі болады» деп атап айтты.
Біз оған кәміл сенеміз! Себебі, елін сүйген Елбасыдай кемеңгер көсемі бар, бірлігі мен татулығы жарасқан бейбіт халқы бар Қазақстанның болашағы жарқын, келешегі кемел болары сөзсіз. Оған облыстағы ең ірі аудандарының бірі Қарқаралы ауданының тұрғындары да үлкен үлес қосады деп сенемін. Осы жолдағы еңбектеріңізге табыс, отбасыларыңызға амандық тілеймін. Елбасы айтқандай, Бабаларымыз тірі болу үшін бір болса, біз әрдайым ірі болу үшін бір болуымыз керек.
Еліміз аман, жұртымыз тыныш болсын! Тәуелсіз еліміз жасай берсін, ағайын!

 

Халел Мақсұтов, Қарқаралы ауданының әкімі.


Дата размещения: 20 Марта 2014 14:31 Дата редактирования: 15 Января 2016 13:16

Лента новостей

© 2013 ГУ «Аппарат акима Каркаралинского района»
Разработка и поддержка сайта: Интернет компания «Creatida»