ГлавнаяЖағымды тәжірибе Жаңа цех іске қосылды

Жаңа цех іске қосылды

Ақпан айының 4-күні Егіндібұлақта Астаналық «Астана Агро Продукт» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі әкеліп құрған мал сою цехының ашылу рәсімі болып өтті. 
Несібесін мал мен жерден жинаған ауыл халқының игілігі үшін құрылған бұл цехтың төңірегіндегі әңгіме де өзгеше. Жаз жайылымға шығарып, алты ай қыс жем-шөбін беріп  еңбекпен өсірген малын ақшаға айналдырар тұста амал таппай қалатын шаруаға лайықты, көктен іздегені жерден табылған орын бұл. Көлік іздеп, оны қыруар ақшаға жалдап, түн жүріп таңға таман Қарағандыға жетіп, одан ет қабылдайтын алыпсатарлардың қабағына қарап, таразысына жем болып жүретін, апарған үміті өкінішке айналып үйіне жер болып қайтатын шақ ендігәрі бола қоймас. Оның себепкерлері аудан басшылығы, оның ішінде, осы іспен текелей айналысқан  аудан әкімі Н.И.Омарханов пен орынбасары, өңір ауылшаруашылығына жауапты С.Апақашев. Сонымен қатар, осы азаматтардың сөзін жерге тастамай алыстағы Егіндібұлақ сияқты елдімекенге цех салуға келісім берген серіктестік басшылары.  


Аталмыш цехтың ашылу салтанатында сөз сөйлеген аудан әкімі осы жайға ерекше тоқталды. Жердің шалғайлығына қарамастан елдің мұқтажымен санасып, өтінішімізді құп алып мынадай ауыр қыста қиындықтан қайыспаған серіктестік жігіттеріне айтар алғысымыз мол. Істеріңіз әрдайым алға бассын, оған әрине осындағы жергілікті халықтың қосар үлесі де аз болмауы керек. Ел өздері үшін жасалып отырған дүниенің тиімді жағын пайдалана білсе, сол арқылы цех жұмысы қарқынды жүрсе жалғыз Қарағанды шаһары емес басқада қалаларды сапалы ет өнімімен жабдықтауға мүмкіндік тумақ. Ол бірінші кезекте өңір жұртының табысы  артуына және ел мен жердің абырой биігінен көрініп өз ісіне сеніммен қарауына мүмкіндік жасары анық.
Келесі болып сөз алған аталмыш серіктестіктің директорлар кеңесінің мүшесі Әшім Хайруллин шаруашылық шетінің мұнда да жетіп, пәрменді болуына ықылас танытқан аудан басшыларына, цехты салуда көмек-қолдауын аямаған село әкіміне және мамандарына өз алғысын білдірді.

Өңір халқының атынан толымды істің басталуына ықпал еткен азаматтардың барлығына алғыс айтып батасын берген ауыл ақсақалы Мұқтар Уахитов жаңа қадамға сәттілік тіледі.
Лента қиып цехтың табалдырығын аттаған аудан басшылары, көршілес селолық округ әкімдері мен мамандар және ауыл тұрғындары мұндағы жұмыстың алғашқы сәтін көріп тамашалап оның мазмұнымен жіті танысты. Сонымен қатар, мал қабылдаудың тәртібін түсіндірген серіктестіктің Қарағанды облысындағы өкілі Талғат Жарасбаев мынадай хабар берді. Яғни, союға мал әкелгенде иесі жергілікті әкімдіктің анықтама қағазының келесі бетіне полиция өкілі қол қойып, мөр басқан анықтамасын, сол жердің мал дәрігері берген анықтамамен қоса әкеледі. Мұндағы маман-ветеринар мал сойылған сәттен бастап осындағы зертхана арқылы тексеріс жүргізеді.  

Азғана уақыт ішінде малдың ауру-сауы анықталады. Бауыздалған малдың терісіне пышақ тигізілмей автоматты түрде сыпырылады. Цех ішіне су  тартылған және арнайы ыстық су қайнататын қондырғысы бар. Сол арқылы жуылып, шек-қарыны тазаланады. Мүшелері де бөлшектеніп, электронды таразыға тартылып салмағы өлшенеді. Мал иесі тек сойғызып аламын десе, цехтың есебіне әр килограмнан 10 теңгеден мөлшерленіп ақы алынады. Ал осында тапсырып кетемін десе, ондай ақы алынбайды. Еттің бағасы Қарағанды қаласындағы базар бағасымен теңдестіріліп қабылданады. Цехтың ішінде үлкен тоңазытқыш бар, жұмыскерлерге арналған душ, мал союдың стандартты-сапалы түріне лайықты жасалған құрал-жабдықтар қойылған. Идентификациялық коды, жоғары дәрежелі малдәрігерлік зертханасы бар. Жергілікті жерден маманы, жұмыскер-қасапшылары, тазалықшылары бар 8-адам жұмысқа қабылданды. Ендігі міндет - халықпен тізе қосып жұмыс істеу.
Ауылдың жаңалығы осындай. Алдағы уақытта барлық елдімекендерде осындай мал сою орындары ашылады деп, жоспарланып жатқан кезде талаптың тағылымындай болған бұл жаңалық жұртшылыққа тағы бір серпіліс әкелді. Оның ішінде, халықтың игілігі үшін жасалатын әрбір қадамның орны өзгеше бөлек болатыны белгілі. Сондықтан да, мұндай істің әрқайсысына ақ жол тілеу ләзім. 
Д.Жүнісбекұлы.
Егіндібұлақ.
Ш.Оспан (ФОТО).


Дата размещения: 20 Наурыз 2014 14:37 Дата редактирования: 09 Желтоқсан 2019 21:39
Мақсұтов Қалел Мұқатайұлы Қарқаралы ауданының әкімі Сөйленген сөздер ҚР Президентінің ресми сайты

Ауа райы

Каркаралинск, Қазақстан

-4°C пасмурно, Влажность 87%, Давление 720, ветер 1 м/с

Валюта бағамы

Каркаралинск, Қазақстан

USD/KZT 384.97
EUR/KZT 427.12
RUB/KZT 6.04
Хабарландырулар Мұрағат